«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қаржылай емес қолдау қалай көрсетіледі?

2019 жылғы 14 Қаңтар
- Павлодар облысы
27017 просмотров

Бүгінде мемлекет тарапынан бизнесті қолдау мен дамыту бойынша жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқаны жасырын емес.

Осы жұмыста өзін тиімді құрал ретінде таныта білген механизмдердің бірі – қаржылай емес қолдау болып отыр. Қаржылай емес қолдау дегеніміз не және бұл көмекті кімдер пайдалана алатыны жайында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы бөлімінің бастығы Әнел Жампейісова айтып берді.

Әнел Амангелдіқызы, бүгінгі сұхбатымыз қаржылай емес қолдауға қатысты. Кәсіпті енді бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер қандай қолдау ала алатыны жайында айтып берсеңіз...

–«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржылай емес қолдаудың операторы. Бұл шара жеке кәсіпкерлік субъектілері және кәсіп бастағысы келетін адамдарға беріледі. Қолдау кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру, кәсіпкерлер қызметінің өнімділігін арттыру, сонымен қатар іскерлік байланысты арттыру бағытында жүреді. Бұл қолдау түрі кәсіпкерлер арасында сұранысқа ие екенін атап өткім келеді. Бұған жылдан жылға саны ұлғайып келе жатқан клиенттер легі дәлел.

 –Демек, бизнеске даму үшін қаржы ғана емес, қаржылай емес қолдау да маңызды ғой?

–Әрине. Қарап тұрғанымыздай көрсетілетін қызмет ауғымы айтарлықтай үлкен. Мәселен, кәсіпті енді бастаған кәсіпкерлердің басым бөлігіне күнделікті орын алатын мәселелер тән. Қаржылық қызмет, бухгалтерлік есептілік, менеджмент, дұрыс емес маркетингтік саясат, келешекті жоспарлардың болмауы жиі кездесетін мәселелер. Осылардың барлығы енді ашылған кәсіпорындар үшін кедергі келтіріп, бизнесті бірінші жылы-ақ жабуға тура келіп жатады. Міндетіміз – осындай мәселелерді алдын алу.

–Әр кәсіпкер үшін қаржылай емес қолдау түрлерін білу қызықты болады деп ойлаймын. Қаржылай емес қолдау неден құралады, негізгілері қандай?

–Бірінші бағыт – кәсіпкерлікті ақпараттық қамтамасыз ету. Менеджерлер-кеңес берушілеріміз қаржы инстиуттарымен қалай жұмыс істеу керектігін түсіндіреді. Жеке кәсіпті ашу мен жүргізу бойынша кеңес береді, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша ақпарат береді.

 Қызмет түрлері барлық кәсіпкерлерге қолжетімді болуы мақсатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары желісін облыстың 10 ауданы мен 2 моно қаласында ашты.

  2018 жыл ішінде Кәсіпкерлерді қолдау орталықтары 5 мыңнан астам клиентке қызмет көрсетті, 11 мыңнан астам консультациялар жасалды. Орталықтардың менеджерлері жалпы сомасы 793,2 млн теңгеге 110 жобаға сүйемелдеу жүргізді. Менеджер-кеңес берушіліердің көмегімен 129 кәсіпкерлік субъектісі ашылып, тіркелген. Бұған қоса қаржылай емес қолдаудың тағы бір құралы жұмыс істеп тұрған бизнеске сервистік қолдау болып отыр. Сервистік қолдау экономиканың барлық салаларында жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлерге арналады. Бұл тізбекке 8 арнайы тегін  қызмет түрі кіреді.

Мәселен, фирманың барлығы бірдей штатында заңгер ұстай алмайды. Немесе кәсібін жаңа бастаған кәсіпкер үшін заңгер мен бухгалтердің көмегі қажет. Өйткені кәсіпкер салық салу және кедендік процедуралар бойынша қиындықтарға тап болады. Осындай кезде салықтық, бухгалтерлік есеп жүргізу, статистикалық есеп, кедендік процедуралар жасау, заңгерлік мәселелер, маркетинг,  сервистік қолдау, ақпараттық технологиялар саласында қызмет көрсету, мемлекеттік сатып алулалр мәселелері, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласында қызмет көрсетуді қамтитын сервистік қолдау таптырмас көмек.  

2018 жыл ішінде сервистік қолдауды 1600 астам кәсіпкер алды. Кәсіпкерлерге ыңғайлы болуы үшін Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймағы жұмыс істейді. Бұл мүмкіндік арқылы кәсіпкерлер қызмет түрлерін онлайн алады.

–«Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді оқытумен айналысатыны белгілі. Жұмыс бағыты туралы айтып кетсеңіз.

 –Дұрыс айтасыз, кәсіпкерлердің біліктілігін дамыту маңызды бағыттардың бірі. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту «Бизнес-мектеп» жобасының құрауыштары: кәсіпкерлік негіздеріне қысқа мерзімде оқыту «Бизнес-Кеңесші» курсы, «Бизнес-Өсу» – шағын және орта кәсіпкерлікті субъектілерін оқыту, онда сату, келіссөздерді жүргізуге тереңдете оқытады, «Жобалық оқыту» – тәлімгерлік принциптерін қолдану арқылы қатысушылар топтарға бөлініп, оларға қызықты тақырыптар бойынша талқылау сабақтары жүргізіледі. Оқу барысына облыстағы табысты кәсіпкерлер келіп тәлімгерлікпен оқытады. Сонымен қатар «өндіріске баруды» қолға алдық.

 Биыл «Бизнес-Кеңесші» курсында 859 адам оқыды, «Бизнес-Өсу» курсына 134 тыңдаушы қатысты, ал «Жобалық оқуды» 70 кәсіпкер өтті. Оқыту қорытындысы бойынша «Бизнес-мектеп» құрауыштар бойынша 115,3 млн теңге көлемінде жобалар жүзеге асты.

–Жолға қойылған бизнестің өзі даму мен өсуге мұқтаж. Осы бағытта Кәсіпкерлер палатасы қандай қолдау көрсетеді?

–Кәсіпорындардың өнімділігін арттыруға көмектесеміз. Осы мақсатта «Аға сеньорлар» құрауышы жүргізіледі. Ол үшін жергілікті кәсіпорынға шетелден білікті маман шақырылып, кәсіпорынның өзінде бай тәжірибесімен бөліседі, шеберлік сабақтарын өткізеді, жаңа технологиялар, басқару әдістері, қызметкерлерді үйрету, өндірістік әдістер, трендтерді үйретеді. 2018 жылы «Аға сеньорлар» құрауышы бойынша 9 өтінім түсті. Бұдан бөлек Палата «Іскерлік байланыс» құралын жүзеге асырады. Отандық кәсіпкерлер шетелдік әріптестермен іскерлік байланыс орнатады. Аталған құрал қатысушыларға ұқсас бейіндегі кәсіпорындарда шетелде тақырыптық бизнес тағылымдамадан өтуді ұсынады. 2018 жылы бағдарламаға қатысуға 62 өтінім түсті.

–Әңгімеңізге рахмет!


Еншілес ұйымдар

Серіктестер