«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жер кәсіпкерлерге берілсін!

2015 жылғы 09 Желтоқсан
- Батыс Қазақстан облысы
10888 просмотров

Бизнес субъектілерінің жер құқық қатынастары саласындағы түйткілді мәселелер жылдам әрі әуре-сарсаңсыз шешілуге тиіс

Статистика аталмыш мәселелердің өңірлік кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлер жүгінуінде жиі кездесетін түйткіл болып табылатынын көрсетіп отыр. Бұл туралы бұрыннан айтылып келе жатқанына қарамастан, түйткілдер қала береді. Олардың арасында негізгілері – жер телімдерін алу кезіндегі процедуралардың ашықтығы, жергілікті атқару органдарының жер қатынастары саласындағы заңнаманы сақтауы, Орал қаласы жер комиссиясының кәсіпкерлік субъектілерінің жер мәселелері жөніндегі өтініштерін қарау тәжірибесі.

Осы және басқа да мәселелер өңір кәсіпкерлері тарапынан көптеген наразылықтарды тудырады. Сондықтан да аталмыш мәселелер блогы БҚО Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысына шығарылды. Кәсіпкерлер құқығын қорғау жніндегі кеңес төрағасы, қалалық әкімдік жанындағы жер комиссиясы мүшесі Хайдар Қапанов атап өткендей, бұл мәселенің үнемі көтеріліп отыратынына қарамастан, сонымен қатар Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңесте де, жер телімдерін алу кезіндегі процедуралардың ашықтығы көңіл толтырмайды.

«Жер телімін алу процедурасы өтініш берген сәттен бастап, кейбір өңірлердегідей, мүлдем ашық болуға тиіс, - деп баса көрсетті Хайдар Қапанов. – Қаланың электронды картасында барлық бос жатқан телімдер көрсетілуге тиіс. Бізде Карта бар, бірақ одан ештеңе ұғып болмайсың. Ақырында жердің бос немесе бос емес екенін әкімдік қызметкерлері анықтайды да, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекеліне алып келеді». Орал қаласы әкімдігі жер комиссиясы құрамындағы бизнес өкілдері Шолпан Махмұдова, Мұрат Кеңесов, Татьяна Трифонова жерді пайдалану құқығына өтініштерді қарау және отырыс өткізудің қалыптасқан тәжірибесі жайлы ақпарат берді. «Отырысқа қаралып отырған өтініш бойынша еш құжатсыз, материалсыз келеміз, - деді комиссия мүшесі Татьяна Трифонова. – Көбіне жер комиссиясы отырысына заңгерлер қатыспайды, дегенмен көптеген мәселелер құқықтық аспектілерге қатысты болады. Оның үстіне қазірде заңнамада өзгерістер өте көп».

«Дары природы» шаруа қожалығының басшысы болып табылатын кәсіпкер Ерлан Ақбарақов Өңірлік кеңес және жер комиссиясы мүшелеріне жер телімін жеміс-көкөніс агромаркеті құрылысына ұсынумен арада туындаған түйткілдері жайлы айтып берді. Ол өтініш берген, бірақ еш нәтиже жоқ. Уәкілетті органдар тарапынан қандай да бір түсіндірулер де жоқ.

Батыс Қазақстан облысы прокуратура басқармасының бастығы Талғат Ыдырысов өз кезегінде Кеңеске БҚО жергілікті атқару органдарының жер құқық қатынастары саласындаңғы заңнаманы сақтауға жүргізілген тексерістер қорытындысы жайлы баяндады. «Жер қатынастары бөліміндегі лауазымды тұлғалардың міндеттерін тиісті түрде орындамауы салдарынан жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік жер қорынан коммерциялық нысандар құрылысына жер телімін алу құқығын бұзу деректері анықталды. Өтінішті уақытында қарамау және жер телімін беру бойынша негізсіз бас тарту оқиғалары жиі кездеседі. Сонымен қатар құрылысқа арналған жер телімінің оны беру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жыл бойы мақсатында қолданылмау деректері де баршылық», - деді ол.

Өңірлік кәсіпкерлер кеңесі БҚО Кәсіпкерлер палатасы дирекциясына үш апталық мерзімде жер телімін ұсыну процедурасының әрі жер комиссиясы жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралардың егжей-тегжейлі жоспарын дайындауды тапсырды. Орал қаласы әкімдігінің жанындағы жер комиссиясы мүшелеріне «Дары природы» шаруа қожалығының басшысы Ерлан Ақбарақовтың өтінішін оңынан шешу үшін барлық шараларды қолдану тапсырылды.

«Бизнеске жер телімдерін беру саласында бұзуларға жол бермеуіміз керек, - деп қорытты Өңірлік Кеңес Төрағасы Валерий Жүнісов. – Барлық орта және шағын бизнес Ерлан Ақбарақов сияқты азаматтардың арқасында әрекет етіп тұр. Кәсіпкерлер палатасы дәл осындай жандарды қолдауға тиіс».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер