«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жергілікті кәдесыйлар

2016 жылғы 10 Наурыз
- Батыс Қазақстан облысы
14731 просмотров

Мереке қарсаңында Орда ауылында «Нәзік» тігін шеберханасының салтанатты ашылуы өтті

Бөкей ордасы ауданы бай тарихымен Батыс Қазақстан облысына ғана емес, бүкіл республикаға белгілі. Халық ішінде «Тұңғыштар отаны» деген атауы бар. Мұнда алғашқы мешіттер, мектептер мен жәрмеңкелер бой көтерген. Аудан бай тарихымен ғана емес, сұлу табиғатымен де танымал. Бөкейордалықтардың көбі ішкі туризм бизнесті дамытудың әлеуетті салаларының біріне айналған тұста, қызмет көрсету саласын дамытудың маңызы зор екенін түсінді.

«Біздің ауданда көптеген әйел бизнеспен айналысады, бірақ олардың көбі сауда-саттықта немесе қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарында істейді. Қызмет көрсету түрлерін қамтитын басқа да жобалардың дамығанын қалайсың, мәселен, сұлулық салондары, ателье, шет тілдерін үйрететін курстар, – дейді БҚО Кәсіпкерлер палатасы Бөкей ордасы аудандық филиалының директоры Бибігүл Жұмағұлова. – Назымгүл Оразгелдиева ұлттық нақышта кәдесыйлар мен костюмдер тігу үшін тігін шеберханасын ашу туралы өтініш білдіре келгенде, біз бірден бұл жобадан жаңашылдық пен ерекшелік көрдік. Біздің кеңесшілер Назымгүлге құжаттарын реттеуден бастап, бизнес-жоспар құруға жәрдемдесіп, «Бизнестің жол картасы – 2020 бағдарламасы бойынша» грант ұтып алғанға дейін бірге болып, көмектесті. Айта кетерлігі, конкурсқа қатысқан 200 кәсіпкердің ішінен жеңіс Назымгүлге бұйырды».

Назымгүл Оразгелдиева киізден, тері мен матадан бұйымдар жасауды интернет арқылы үйреніп, білген-көргенін өз бетінше жетілдіре бастаған. «Өкінішке қарай, барлық бұйымдарды қолмен немесе қарапайым тігін машинасының көмегімен тігу мүмкін емес. Арнайы тігін машинасы қажет, мәселен, қазақша ою-өрнектерді тігуге арналған тігін машинасы сияқты. Сондықтан, маған грантты жеңіп алу үшін конкурсқа қатысуға жол нұсқап, құжаттарды ресімдеуге көмектескені үшін, Кәсіпкерлер палатасына алғысымды білдіргім келеді», – деді «Нәзік» тігін шеберханасының ашылу салтанатында жас бизнес-ханым. Ол, сондай-ақ, өзінің туған-туыстары мен ауылдастарына қолдау көрсеткендері үшін ризашылығын білдіре келе, бизнесін дамытуда бар күш-қайратын сарқып қалмайтынын айтты».

Бибігүл Жұмағұлова жас бизнес-ханымды құттықтай келе, Батыс Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Кеңес Әбсәтіровтің алғыс хатын табыс етті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер