«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Дау-дамайдан бейбіт келісім артық

2016 жылғы 29 Наурыз
- Батыс Қазақстан облысы
13280 просмотров

Медиация істі сотқа жеткізбестен, кәсіпкерлердің бірқатар проблемаларын шешуге көмектеседі

Кәсіпкерлік қызметтің субъектілері арасындағы дау-дамайды сот арқылы шешу әрдайым оң нәтижеге жеткізе бермейді, сонымен қоса, күш, уақыт және қаражатты қажет етеді. Сондықтан, мұндай жағдайларда даулар мен кикілжіңдерді реттеудің баламалы түрі тиімді бомақ.

Бұл туралы кәсіпкерлерге өңірлік палатада өткен «Бітістіру рәсімдері» деген тақырыптағы дөңгелек үстелде баян етілді. «Медиация Ұлттық палатаның жұмыс жоспарына құқықтық бөлімінің негізгі қызмет бағыты ретінде енгізілген, сол себепті біз мұндай шараларды тұрақты өткізіп тұрамыз. Кәсіпкерлер, көбінесе, барлық даулы мәселелерді соттың көмегімен шешуге тырысады, оның үстіне, уақытын, қаражатын, физикалық та, психологиялық та күшін сарп етеді. Алайда, барлық дауды соттан тыс шешуге болады емес пе?», – дейді Палата директорының орынбасары Нұржан Мақсотов.

«2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енген ҚР жаңа процессуалдық кодексі бойынша, бес буынды сот жүйесінен үш буынды сот жүйесіне көшу сот жүргізу ісін біршама жеңілдетеді, бірақ кәсіпкерлер үшін бұл екі буынды жүйеге көшуді білдіруі мүмкін, өйткені заң бойынша Жоғарғы сот жеке тұлғалар үшін 2000 айлық көрсеткіш сомасы есебінде ал заңды тұлғалар үшін 30000 айлық көрсеткіш сомасы есебінде шектеуге ие», – деп түсіндірді Батыс Қазақстан облысы мамандандарылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Қанат Қадырбеков. – 63 миллион 630 мың теңгемен және одан да жоғары арыз беру жағдайлары сондай көп емес, сондықтан, шешімді бірінші инстанцияның және аппеляциялық соттар қабылдауы мүмкін».

Соттардың айтуынша, соңғы жылдардағы тәжірибе дауды реттеудің баламалы түрлері мұндай жағдайда жарамдырақ және нәтижелі екенін көрсетіп отыр. «Мүліктік қатынастарды, инвестициялық дауларды бітістіру жолымен шешкен жөн. Оған бейбіт келісімге қол қою, медиативті келісім және қорғаушының көмегімен жасалған келісім жатады, – деп атап өтті Қанат Қадырбеков. – Бұл бизнесмендердің қаражатын, уақыты мен кейін іскерлік әріптестік орнатуы мүмкін адамдармен жақсы қарым-қатынасты сақтап қалады».

Кәсіпқой медиаторлардың «Татулас» мекемесінің төрағасы Мавлина Хабиева медиацияның дауға қатысы жоқ үшінші, бейтарап жақтың қатысуымен дауды шешудің жаңа түрі ретіндегі артықшылықтарға егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Мавлина Хабиева кәсіпкерлерге медиативті келісімдерді қолдану рәсімдері туралы айтып, БҚО-да тіркелген кәсіпқой медиаторлардың тізімін ұсынды. Сондай-ақ, медиация арқылы оң шешімін тапқан мәселелерден мысалдар келтіріп өтті. 

Кездесуге қатысқан «БатысТерминалТелеком» ЖШС-ның өкілі серіктестіктің зейнет жасындағы жұмыскерімен болған дауды баяндап берді. Ол мысалда кәсіпорынның бастамасымен еңбек шарты бұзылып, нәтижесінде, жұмысшы кәсіпорынға ескертпестен, сотқа шағымданған. Осы мысалдан Мавлина Хабиева медиативті келісім жолымен еңбек шартындағы даулы жағдайларды басым шешудің қажеттігі туралы пункті қосудың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп берді. «Осылайша, мұндай жағдайлар шешімін табады, алдымен, жұмысшы медиация орталығына келуі қажет болады, ал олар, өз кезегінде, даудың екінші тарабын хабардар етеді», – деді ол.

Сондай-ақ, Мавлина Хабиева статистикалық мәліметтер келтірді. Ол бойынша барлық даудың 30-40%-ы медиация рәсімінен өтетін болса, соның 85%-нда оң нәтижеге қол жеткізіледі екен.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер