«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Оқушыларға – отандық мектеп киімі

2016 жылғы 16 Мамыр
- Батыс Қазақстан облысы
15711 просмотров

Оралда «Мектеп киімі – 2016» облыстық көрмесі өтті

Қазақстанда мектеп формасына қойылатын міндетті талаптар бекітілді. Әр оқу орнында ол бірыңғай әрі бірегей болуы тиіс. Мектеп басшылары мен ата-аналар комитеттері бірлесе отырып, осы жылдың соңына дейін мектеп формасының үлгісін бекітуі қажет.

Бүгінде ел бойынша мектеп формасын тігушілер мен тапсырыс беруші – мектеп директорлары мен ата-аналар комитеттері арасында талқылау жүзеге асуда. Мұндай талқылау облыстық, қалалық, аудандық білім беру бөлімдері, қала және облыс мектептері басшыларының қатысуымен Орал қаласында ұйымдастырылған «Мектеп формасы – 2016» облыстық көрмесінде өтті.

Тігін бизнесімен айналысатын жергілікті кәсіпорындардың бірқатары өз топтамаларын ұсынды. Білім беру бөлімдерінің басшылары мен мектеп өкілдері көптеген киім үлгілеріне қызығушылық танытты.

БҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Әбілқайырова көрме қатысушыларын мектеп формасын таңдау кезінде бағасы мен сапасына ғана емес, сонымен бірге өндірушіге де назар аударуға шақырды. «Жергілікті тауар өндірушілерін таңдай отырып, біз отандық өнімді қолдап, жергілікті бюджет қорын толтырып қана қоймай, өнім сапасына бақылау жасай аламыз, мектеп формасына белгілі бір талаптар қоя аламыз, қажет болса шағым айтып, кемшіліктерді түзетуін талап ете аламыз», – деді ол.

2016 жылдың 14 қаңтарында орта білімді ұйымдастыруға арналған міндетті мектеп формасы туралы бұйрық бекітілгенін еске сала кетейік. Бұл бұйрыққа «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының мектеп формасын отандық тауар өндірушілерден сатып алу туралы ұсынысы енген болатын. «Атамекен» ҰКП деректеріне сүйенсек, мектеп формасы нарығындағы отандық өндірушілер үлесі 7%-дан аспай отыр. Осыған байланысты Ұлттық палата сапалы және оңтайлы бағамен мектеп формасын өндіруге дайын 55 отандық өндірушінің тізімін жасаған.

Бұйрыққа сәйкес, ата-аналар мен өзге де заңды қатысушылар мектеп формасы жөніндегі талқылауға қатысып, оны жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын жеткізе алады, сонымен бірге оны тиісті сауда желісінен сатып алады. Облыстық білім беру басқармалары, аудандық (қалалық) білім беру бөлімдері ата-аналарға мектеп формасын отандық өндірушілерден сатып алуға кеңес беріп отыр. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер