Қауіпсіздік – алаңсыз бизнес жүргізу кілті
Өңірлік Палатада кәсіпкерлерге арнап қолданыстағы заңнаманы түсіндіру бойынша семинарлар өткізу дәстүрге айналған
Өрт қауіпсіздігі туралы заңнамаға байланысты Палата сарапшылары Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерімен бірігіп кезекті семинар-кеңес өткізді.
«Тәжірибеде заң және заңнамалық актілер, өзгертулер мен түзетулер енгізілуі себепті, жиі өзгеріп отырады. Бізге заңнамадағы өзгерістерді қадағалап отыруға үлгере алмаған кәсіпкерлер келіп, заңның кейбір нормаларын түсіндіріп беруді өтінеді. Сол себептен де осындай семинарларды жүйелі түрде өткізіп тұрамыз», – деді құқықтық блок сарапшысы Әсия Басанбаева.
Бұл жолы «Өрт қауіпсіздігі туралы» заңнаманың өзгертулерін түсіндіру семинарына «Жайыктеплоэнерго» АҚ, «Батыс су арнасы» ЖШС, «Желаевский КХП» АҚ, «Аққайнар» АҚ сынды облыстың ірі кәсіпорындары келді.
ТЖД өкілдері қатысушыларға өрт қауіпсіздігі саласындағы өзгеріске ұшыраған заңнамалық нормаларды айтып берді. Сондай-ақ, компанияның өрт қауіпсіздігі үшін жауапты, электр жабдықтарына жауапты адамды тағайындау туралы, қызметкерлерді арнайы дайындаудан өткізу тәртібі туралы, сондай-ақ олардың өрт қауіпсіздігі жөнінде білімдерін тексеру туралы бұйрықтарды шығарудың қажеттілігін баяндап өтті.
«Біз бұрындары заңдағы өзгерістер туралы тексерулерден кейін, заң бұзушылықты анықтағаннан соң барып біліп жататын едік. Енді, Палата өкілдерінің арқасында, ертерек хабардар болып отырмыз. Әсіресе, арамызда нормаларды дұрыс түсінбеушілік болмауы үшін, мемлекеттік органдардың өз аузынан есту маңызды. Қазір талаптарға, техникалық сипаттамаларға және тағы басқа өзгерістер еніп жатыр. Біз енді осы жерден естігеніміз бойынша өз қызметкерлерімізге және аудандық бөлімшелерге оқыту жұмыстарын жүргізетін боламыз», – деді семинарға қатысушы мекеме өкілі Н.Ботанов.
«Желаевский КХП» АҚ өкілі қолданыстағы ережелердің кейбір нормаларында қамтылған әкімшілік кедергілерді көрсетіп берді. ТЖД өкілдері, міндетті түрде аталған нормаларды тексеріп, Министрлікке жеткізетінін айтты.
Семинар барысында, өрт қауіпсіздігі саласында аудит және тәуекелдерге тәуелсіз бағалау жүргізетін «Арнайы сараптама орталығы» ЖШС жұмыстарының таныстырылымы өтті. ЖШС қызметі кәсіпкерлерді қызықтырып отыр. Өйткені, олардың тексерулері құқық бұзушылық кезінде ешқандай санкцияға алып бармайды, керісінше дер кезінде жоюға мүмкіндік береді.
«Біз бүгінде кейбір нысандардың бірінде ірі өрт болып жатқаны туралы жиі естиміз. Оның басты себебі, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін құрылыс материалдарын пайдаланудан, жабдықтарды пайдалану ережелерін дұрыс сақтамағандықтан, құрылғылардың өрттен сақтау деңгейінің төмен болуынан, тағы басқа мәселелерден шығады. Соған сай, біз осы бағытта түсіндіру, алдын-алу жұмыстарын жүргізуге тырысамыз. Семинарда айтылған дүниелер құзырлы орган өкілдеріне нені талқылап, нені қайта қарап шығу керектігін көрсетіп берді. Осы жерде айтылған ұсыныстардың барлығы, кәсіпкерлік жұмысына кесірін тигізіп отырған кедергілерді жою үшін, ой елегінен өтетін болады», – деп қорытындылады Әсия Басанбаева.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: