«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Оралға жеті елден инвесторлар келді

2016 жылғы 09 Қыркүйек
- Батыс Қазақстан облысы
10170 просмотров

«WestKazInvest-2016» III Халықаралық инвестициялық форумы өңірді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады

Оралда «WestKazInvest-2016» III Халықаралық инвестициялық форумы өт3п жатыр. Ол облыстағы бизнес өкілдерінің, шекаралас өңірлер мен шетел инвесторлары арасындағы өзара тиімді сұхбат алаңы болып саналады.

«Бүгін бізге жеті елдің өкілдері келді. Олар – Ұлыбритания, Италия, Польша, Ресей, Шотландия, Чехия және Финляндия. Бұл дегеніміз аталған елдердің біздің облыспен іс жүзінде экономикалық қатынас орнатуға дайын екенін білдіреді, – деді форумды ашу кезінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Игорь Стексов. – Форум аяқталған соң инвесторлар жергілікті компаниялармен бірқатар меморандумға қол қоятын болады».

Форум Батыс Қазақстан облысының жетекші кәсіпорындарының көрмесімен ашылды. Оның барысында өңірдің инвестициялық жобалары таныстырылды. Көрмеге 68 компания қатысты. Мұнда бөтелкеге құйылған судан бастап, сыйымдылығы 300 тоннаға жететін кемелер және тағы басқа түрлі тауарлар ұсынылды.

Форумда Батыс Қазақстан облысы Азия мен Еуропаның байланыстырып жатқан бірегей тарихи-географиялық өңір екені атап айтылды. Өңір Ресей Федерациясының бес облысымен көршілес жатыр. Өңірдің тағы бір артықшылығы – бұл Батыс және Шығыс Еуропаның ірі экономикалық және мәдени орталықтарына шығу мүмкіндігі. Келесі маңызды жайт – Орал өзенінің болуы, ол арқылы Каспий мемлекеттеріне шығуға болады. 

Облыста қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру жөнінде белсенді жұмыс жасалуда. Инвестициялық стартаптарға мемлекеттік қолдау көрсетілуде. 2015 жылы Батыс-Қазақстан облысына құйылған инвестиция 1,6 млрд долларға тең болған.

Форум барысында қаржылық және экономикалық байланыстарды дамыту көкжиектері анықталып, түрлі жобаларды қаржыландыру туралы келісімдер мен меморандумдар жасалмақ. Панельдік сессияларда бірлескен кәсіпорындар мен БҚО-да жаңа өндірістер ашу арқылы шетел инвестицияларын тарту мәселелері қаралатын болады. Сонымен бірге, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мен инвестициялық жобаларды қолдаудың қаржылық құралдары туралы айтылады.

«Біз Форум жұмысына бірінші рет қатысып отырған жоқпыз, – дейді Чехия Ортаазиялық сауда палатасының президенті Иржи Неставал. – Біздің палатаның Батыс Қазақстанда жұмыс жасап келе жатқанына 10 жыл болды. Біз мұнда өз өкілдігімізді аштық. Денсаулық сақтау, білім беру, ТКШ саласын жаңарту саласында белсенді түрлі жұмыс істеудеміз. Қазір жаңа белеске көтеріліп отырмыз. Бұл ынтымақтастықтың болашағы зор болатынына сенімдімін».

Форум жұмысы жалғасуда. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер