«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Табиғаттың тосын мінезі жаңа табыстарға жетелейді

2016 жылғы 15 Қыркүйек
- Батыс Қазақстан облысы
8645 просмотров

Батыс Қазақстан облысы шалғай ауылдарының тұрғындары Ұлттық кәсіпкерлер палатасының семинарына қатысқан соң мал бордақылайтын алаң салуға бел байлады

Бөкей ордасы ауданы – Батыс Қазақстан облысының түкпірінде орналасқан аудандардың бірі. Аудан орталығы мен облыс орталығының ара қашықтығы 600 шақырым. Аумақтың көп бөлігін Нарын құмы алып жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, құм ылғи «көшіп», кейде жайылымдық жерлерді «басып қалатын» көрінеді. Міне, дәл осы мәселе ауыл тұрғындарын тығырыққа тіреп отыр. Өйткені мұндағы ауыл шаруашылығының басты бағыты – етті-сүтті мал өсіру, жайылымдардың жетіспеушілігі немесе қысқаруы ауыл халқының бизнесіне, өмір сүру деңгейіне айтарлықтай зиян келтіруде.

Жайылымдық жерлердің қысқаруы малды жазда күз бен қыста жайған жерлерге жаюға мәжбүр етеді, бұл түрлі індеттердің таралуына әкеп соқтырады. Оның үстіне мал шөпті таптап тастайды, ал көшіп жүретін құмды тоқтататын құм ғана екені белгілі.

Бұл мәселені мал бордақылайтын алаңқайлар салу арқылы шешуге болады. Алайда ол үшін бордақылайтын база салып, инфрақұрылым жүргізу қажет және білікті мамандар даярлаудың да маңызы зор.

Қазіргі таңда мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруа қожалықтары аяқтарынан тұрып, мал басын арттыруда, кейде арнайы білімнің жетіспеушілігі шаруа қожалықтары басшыларына тұсау болады. Сондықтан «Мал бордақылайтын алаңқайларды ұйымдастыру» тақырыбындағы Кәсіпкерлер палатасы филиалы ұйымдастырған семинардың берері мол болды.

Мал бағу мен жем-шөпті сақтау үшін қандай құрылыстар салу қажет, селекциялық-асылдандыру жұмыстары мен зооветеринарлық шараларды қалай жүргізу керек сияқты сұрақтарға шаруа қожалықтарының басшылары семинар барысында жауап алды. Семинар алдыңғы қатарлы «Нарын» шаруа қожалығының базасында ұйымдастырылды. Нағым Тәжімұратов басқаратын шаруа қожалығы еділбай асыл тұқымды қойын өсіруге маманданған. Аталған шаруа қожалығының базасында мал өсіруге арналған бордақылау алаңы салынған. Семинарды биотехнология зертханасының меңгерушісі, ветеринарлық ғылымдардың докторы Ғайса Әбсатыров өткізді. Шаруаларға малды профилактикалық карантиндеу кезіндегі зооветеринарлық шаралар егжей-тегжейлі түсіндірілді. Семинар барысында түрлі жан-жануарлардағы ауруларға диагноз қою әдістері мен мерзімдері де қамтылды. Нақты мысалдар арқылы ірі қара малдағы бруцеллез кезіндегі егудің түрлі кестелерінің тиімділігі көрсетілді.

«Мен мал бордақылайтын орын ашуды бұрыннан жоспарлап жүрген едім, алайда ірі қара малды жемдеу әдісін білмегендіктен, бұл қадамға баруға жүрексініп жүрдім, – дейді «Атырау» шаруа қожалығының басшысы Әділжан Ғабдышев. – Енді міне Ткөптеген пайдалы ақпарат алдым. Егер мұндай семинарлар жиі өткізілетін болса, мен сияқты көптеген адамдардар мал бордақылау орындарын ашуға бел байлар еді. Шалғай жатқан ауыл түрғындарына мұндай семнарлар қажет».


Еншілес ұйымдар

Серіктестер