Жер мәселесіне бизнестің алаңдаушылығы
Кәсіпкерлер палатасы жер телімдерін беру мәселесінде ашықтық ұстанымын сақтау қажет деп есептейді
Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің кезекті отырысында бизнес субъектілеріне жер телімдерін бөліп беру мәселесі талқыланды. Жер телімдерін беруге байланысты түйткілдер, статистика бойынша, кәсіпкерлердің өтінішінде көп кездесетін жайттардың бірі (палатаға түскен барлық өтініштердің 47%-ы). Бос жатқан жерлер туралы, өтініштерді қарау мерзімі, құжаттарды тексеру кезінде кездесетін қиындықтар және басқа да бизнесті бастауға немесе кеңейтуге кері әсерін тигізіп отырған мәселелер туралы ақпараттың жоқтығы бизнес-қауымдастықты алаңдатып отыр.
Сол себепті Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің отырысында, жер қатынастарына байланысты мәселелер жиі көтеріледі. 2015 жылдың соңында осындай кезекті жиындардың бірінде, жер телімдерін беру тәртібінің ашықтығын қамтамасыз ету және Орал әкімі жанындағы жер комиссиясының жұмысы бойынша іс-шаралар жоспарын егжей-тегжейлі әзірлеу туралы шешім қабылданды. Жоспар 2015 жылдың желтоқсанында жасалып, жер қатынастары саласы бойынша жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жақсарту үшін қажетті шараларды қолдану мақсатында Орал қаласының әкімшілігіне жолданған болатын. Онда мынадай шаралар қарастырылды: өтініштерді қарау және оларды алдын ала тарату кезінде электронды құжат айналымына өту бойынша Комиссия форматын өзгерту, қабылданған шешімдерді әкімдіктің сайтында жариялау, мерзімдерін қысқарту және рәсімдерін оңайлату, т.б.
Сондай-ақ Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі мен комиссия мүшелері, бизнес үшін бос жер телімдері бойынша Кадастрлық карта және электрондық картаға жариялылық беру мақсатында жұмысты аяқтау қажеттілігіне назар аударды.
Кеңес мүшелері ағымдағы жылдың жартысында, қала әкімдігінің жер комиссиясы жұмысына қатысты, Палатаның 15-ке тарта ұсынысы мен нұсқаулығы жүзеге асырылмағанын атап өтті. Сол себепті Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі, Кеңестің қыркүйектегі отырысына жер комиссиясының төрағасы, Орал қаласы әкімінің орынбасары Марс Сатыбалдиевтің қатысуын талап етті.
Қалалық прокуратура бөлімінің басшысы Асылбек Қадіралиев, Кеңес мүшелерінің алдында, ҚР жер заңнамасының сақталуын басшылыққа ала отырып, Орал қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің қызметін тексеру бойынша ағымдағы жылдың екінші тоқсанында жүргізілген тексерулер туралы есеп берді. Ол бірқатар құқық бұзушылықтардың анықталғанын баяндады. Атап айтар болсақ, ұзақ уақыт бойы жер телімдерін ауыл шаруашылығы және коммерциялық мақсатта пайдаланбау, сондай-ақ жер учаскелерін беру және өтініштерді қарау мерзімдеріне байланысты жер заңнамасы нормаларының бұзылуы. «Барлық анықталған заңбұзушылықтар бойынша Орал қаласы әкімі мен жердi пайдалану мен қорғауды бақылау басқармасына құқық бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс жасалды, – деп атап өтті Асылбек Қадірәлиев. – 2016 жылдың қазанында жер қатынастары бөлімінде тағы бір тексеру жүргізу жоспарланып отыр».
Кеңес өкілдері жер комиссиясының төрағасы Марс Сатыбалдиев пен қала әкімі Нариман Төреғалиевке Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі, Палата және кәсіпкерлер енгізген жер құқығы қатынастарының ашықтығын қамтамасыз ету және талқыланған Іс-шаралар жоспарын егжей-тегжейлі әзірлеу шешімі бойынша сұрақтар мен ұсыныстарды іс жүзінде жүзеге асыруын сұрап жүгінді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: