«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шұлыққа айыппұл салынды...

2016 жылғы 05 Қазан
- Батыс Қазақстан облысы
6486 просмотров

Шағын бизнес өкілдері әкімшілік жауапқа тартпастан бұрын ескерту жасауды сұрап отыр

«Лабзенева Е.» ЖК шағын кәсіпкерлік қана емес, микробизнес субъектісіне жатады. «Сюрприз» шағын дүкенінде кәдесыйлар, с­ыйлықтар және аздап шұлық, колготки секілді дүниелер сатылады. 2016 жылы тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі қалалық басқарма «Сюрприз» дүкеніне өнімдердің қауіпсіздігін бақылау мақсатында тексеріс жүргізген. Соның нәтижесінде, шұлықтар мен колготкилердің сертификатынан Қазақстан Республикасының санитарлық-эпидемиологиялық заңнамасына қайшы келетін ережелер анықталған. Кәсіпкер Палатаға сертификатқа қатысты болған жайтты түсіндіріп берді. Кәсіпкердің айтуынша, сауда-саттық көлемі азайған соң, шұлықтар мен колготкилерді бұрынғыдай Алматыдан емес, Орал қаласының көтерме базарынан сатып алуға тура келген. Ал сертификаттардың тұпнұсқалары Алматыда берілетін. «Шұлықтар мен колготкилерді өте аз көлемде сатып аламын. Тауарға арналған сертификат көшірмелерін маған бермейді. Менің тарапымнан заң бұзылғанын білемін, бірақ осы үшін осыншама айыппұл төлеу қажет пе? Менде бар-жоғы мұндай бұйымдардың 6-10 жұбы ғана бар», – деп шағымданды кәсіпкер Елена Лабзенева.

«Лабзенева Е» ЖК өтінішін қарай келе, Палатаның құқықтық бөліміндегі сарапшылар кәсіпкерге сертификаттары заңға сай емес өнімдерді алып тастауға кеңес берді. «Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы мамандары қолданыстағы заң шеңберінде қызмет еткен, сол себепті оларға ешбір кінә арта алмаймыз, – дейді кәсіпкерлер құқығын қорғау бөлімінің басшысы Мағрипа Нығышева. – Ал екінші жағынан, алдымызға осыған ұқсас мəселемен бір кәсіпкер ғана емес, жүздеген кəсіпкер келуі мүмкін. Сондықтан біз қазір қалалық прокуратурамен бірге мәселенің шешу жолдарын іздестіріп, айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартпауды қарастырамыз. Сонымен қатар, біз Ұлттық палатадан осы секілді болмашы заң бұзушылықтарға бола, кәсіпкерлерді көп көлемдегі айыппұлмен жазаламау туралы ұсынысты заңға енгізуді сұрап отырмыз», – деді Мағрипа Нығышева.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер