«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлер – қоғамды дендеген дертке қарсы

2016 жылғы 04 Қараша
- Батыс Қазақстан облысы
7249 просмотров

Оралда жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруға бағытталған Кәсіпкерлер форумы өтті 

Жемқорлық, өз пайдасы үшін қызмет бабын асыра пайдаланатын шенеуніктер бизнестің дамуын тежеп отыр. Бұл мәселенің алдын алу үшін ауқымды шаралар жүргізіліп жатқанымен, кәсіпкерлердің жолындағы кедергілер азаймай тұр.

Мәселен, Орал қалалық сотының үкімімен БҚО Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысы Ж.Серікопов кінәлі деп танылды, ол өзінің лауазымын асыра пайдаланып, кәсіпкерлердің жұмысына бөгет жасаған, жалға ғимарат бергені және қамқорлық жасағаны үшін жеке және заңды тұлғалардан үздіксіз пара алып тұрған.     

Бұрлы аудандық сотының үкімімен Бұрлы ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Саратаев жерді нысаналы мақсатына сай пайдаланбаған жергілікті кәсіпкерден 300 мың теңге пара алғаны үшін, өмір бойына лауазымды қызметтен шеттетіліп, дүние-мүлкі тәркіленіп, 42 миллион айыппұл төлеуге кесілді.

БҚО Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының Жер қойнауын пайдалануды қадағалау бөлімінің басшысы М.Утаубаев кәсіпкерлердің ісіне заңсыз араласып, лауазымды қызметін орынсыз қолданып, жер қойнауын пайдаланушыларға қысым көрсетіп, үшінші бір тұлғалар үшін деп өзі қадағалауға тиіс субъектілерден жер қойнауынан алынатын құмды-қиыршықты қоспаны бірнеше мәрте ақысыз алғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 2,1 млн теңге айыппұл салынды, мүлкі тәркіленді, өмір бойына лауазымды қызметтен шеттетілді.

Бұл БҚО Жемқорлыққа қарсы қызметінің форумда ортаға салған бірнеше мысалы ғана. Жемқорлыққа қарсы қызметтің ақпаратына сүйенсек, БҚО бойынша жыл басынан бері қылмыстық жауапкершілікке 5 мемлекеттік органның басшысы тартылды, олардың екеуі облыстық департамент басшылары – Табиғи монополияларды реттеу мен бәсекелестікті қорғау департаментінің басшысы В.Разов пен Тұтынушылардың құқын қорғау департаментінің басшысы М.Арыспаев.  

Жыл басынан бері жемқорлық әрекетке қатысы бар деген 39 адам күдікке ілінді, оның 30-ы әртүрлі жазаға тартылды. Жыл басынан бері мұндай 8 жағдай тіркелген, оның 7-і бойынша орта және шағын кәсіпкерлік өкілдерінің құқы қорғалды. Аты аталған қылмыстар бойынша жазаға 4 лауазым иесі тартылды. Барлық қылмыстық істер бойынша айыптау үкімдері шығарылды.

Жемқорлық мемлекеттік басқарудың тиімділігін, еліміздің инвестициялық тартымдылығын күрт түсіріп, оның үстіне сатып алудың әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейді. 

Бұл форумда кәсіпкерлер белсенділік танытып, жемқорлықтың ұлттық қауіпсіздік пен бизнестің дамуына тікелей қаупі туралы өз пікірлерін ашық айтып жатты.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұржан Мақсотов форумда «Жемқорлық қарсы стратегия – сәтті бизнес» деген тақырыпта баяндама оқып, іскерлік әдептің заманауи ұстанымдарын ұстану керектігін, бизнесті ашық жүргізу қажеттілігі туралы сөйледі. «Өңірлік кәсіпкерлер палатасы отандық бизнестің мүддесін қорғай отырып, оларды жемқорлықтан қорғауда да өзін жауапты санайды, сондықтан ұжымдық салада жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдап отырады, – деп атап айтты Нұржан Мақсотов. – «Атамекен» Ұлттық палатасы кәсіпкерлердің жемқорлыққа қарсы хартиясын да қабылдаған. Онда Қазақстан кәсіпкерлерінің жемқорлықтан ада ұстанымдары мен еркін қағидаттары айқын жазылған».

Форум қатысушылары жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастырудың жалпы кешенді шараларына, әсіресе, жемқорлыққа қарсы күресте мемлекет пен қоғам арасында тығыз серіктестік орнатуға қолдау білдірді.

Өкініштісі, құқығы тапталатын бизнес өкілдері мұндай жағдай туралы айтуға құлықты емес, кей кезде сондай қылмысқа өздері де еріксіз қатысып жатады.

Форумның соңында кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар өкілдері арасында фокус-топтар жүргізіліп, жемқорлыққа қарсы күрес туралы ақпараттық материалдар таратылды. Форумдағы жемқорлықты жоюды көздейтін ұсыныстар мен шаралардың барлығы мұқият зерттелмек.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер