Айыппұл көлемін азайту керек
Облыстың жемқорлыққа қарсы қызметі 2015 жыл мен 2016 жылдың 10 айында шағын және орта бизнес өкілдеріне қатысты шенеуніктер жасаған 19 қылмыстың бетін ашты
Қылмыстық жауапкершілікке 13 мемлекеттік қызметкер тартылып, 15 бизнесменнің құқығы қорғалған.
Бұл туралы Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінде айтылды. Онда Қазақстанның 2015-2016 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асуырудағы кәсіпкерлердің рөлі мен кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселелері қаралды.
«Жемқорлар арасында бірінші орында – ішкі істер органдары, жол және көші-қон полициясы, денсаулық сақтау және білім басқармалары өкілдері тұр, – деді Жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюроның БҚО бойынша департаменті жетекшісінің міндетін атқарушы Серік Мұстафин. – Жер қатынастары және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінде қызмет етіп келе жатқан мемлекеттік қызметкерлер арасында өз өкілетін асыра пайдалану деректері көп тіркелген».
Осылайша, қылмыстық жауапкершілікке тартылған шенеуніктердің нақты аты-жөндері айтылды. Олардың арасында, Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысы Ж.Серікопов, ҚР АШМ Орман және аң әлемі комитеті облыстық аумақтық орман және аң шаруашылығы инспекциясы жетекшісінің орынбасары Г.Тұралиев, Табиғатты пайдалануды реттеу және табиғи ресурстар басқармасы жер қойнауын пайдалануды бақылау бөлімінің бсшысы М.Отаубаев және т.б. бар.
«Жемқорлыққа жол бермеу – барлық қоғам алдында тұрған басты мәселелердің бірі. Бұл, әсіресе бизнес әлеміне қатысты болмақ. Себебі, бизнес пен билік арасындағы қатынаста жемқорлық деректерінің орын алу қаупі өте зор, – деді Кеңес төрағасы Хайдар Капанов. – Қазақстанда «Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң бар. Сол себепті, біз жемқорлықпен күресу қиынға соғатынын, оған тек қарсы тұруға болатынын мойындап отырмыз. Жемқорлыққа қатысты атышулы істерге қарамастан, ол әлі күнге дейін қоғамның барлық салаларында жаппай орын алып келе жатыр. Жемқорлықпен күресте тек бірлі-екілі науқанмен шектелуге болмайды. Кәсіпкерлер онымен бірлесе күресу керек».
Кеңес мүшесі Найля Елегенова бизнеске қарсы заң жазалаушы сипатта болса, жемқорлық тамырын жая түседі деген пікір білдірді. «Айыппұлдар көлемін азайту қажет. Яғни, кәсіпкерлер айыппұлды қандай да бір заңбұзушылық үшін, тексеріп келген орган өкіліне емес, мемлекетке төлеуі керек, – деді ол. – Сонымен қатар, шенеуніктердің кәсіпкерлер өтінішін қарау уақытын да қысқартқан абзал. Себебі, тағы да шешім тезірек қабылдануы үшін, кәсіпкерлерге пара беруге тура келеді». Найля Елегенова, сондай-ақ, Кеңес мүшелеріне, кәсіпкерлердің жемқорлық деректеріне қатысты жақ ашпауы оларға осы жағдай тиімді болу себебінен емес, керісінше, кәсіпкерлердің заңның салтанат құратынына сенбеуімен байланысты деді.
Мемлекеттік органдардың бизнеске қатысты қабылданған шешімдері таза және ашық болуы керек деп көп айтылады. Бірақ, әлі күнге дейін барлық мәселелер жабық есік күйінде шешіліп келеді, дейді кәсіпкерлер. Әсіресе, мұндай жағдай жер телімдеріне қатысты болып отыр екен. «Бүгінге дейін бос жер телімдері туралы Карта жоқ. Егер аталған карта болса, біз бизнес ашып, оны кеңейту үшін, қандай жерлердің бос екенін білетін едік, – деді Хайдар Қапанов. – Алайда бұл туралы үнемі айтылып келеді. Тіпті, бұл ақпарат әдейі жарияланбай отыр ма деген ойда қаласың».
Жемқорлыққа жол бермеу – бұл бүкіл қоғамның жемқорлыққа қарсы қозғалысқа атсалысуы. Оған қол жеткізу үшін, кәсіпкерлерді жемқорлық деректерін қоғамдық бақылау процесіне барынша тартып, жемқорлықтың кез келген дерегіне көз жұма қарауға жол бермеу қажет.
Кеңес мүшелері, Кәсіпкерлер палатасына бизнес субъектілеріне қатысты атқарушы және өкілетті органдардың НҚА (нормативтік-құқықтық акт) жобасы бойынша сарапшы қорытындыларын беруде, ондағы жемқорлық белгілеріне баса назар аударуға мән беру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, Кеңес мүшелері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына бизнес субъектілері үшін, жемқорлыққа байланысты алдын ала ескерту бойынша стандарттарды әзірлеу жөнінде ұсыныстарды енгізу, Орал қаласы әкімдігі мен мәслихатына жемқорлыққа қарсы мәдениет құру және жемқорлыққа қарсы әрекет ету бойынша «Азаматтық бақылау» жобасы аясында қоғамдық бірлестіктер енгізген ұсыныстарды жолдау туралы шешімге келді.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: