«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Шаруашылық субъектілерін тексеруге тыйым салынады

2017 жылғы 13 Қаңтар
- Батыс Қазақстан облысы
6099 просмотров

2016 жылдың сәуір айында Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов Оралға жұмыс сапарымен барған болатын. Бұл сапар аясында Батыс Қазақстан облысы прокурорымен кездесу өткен  еді

Бұл кездесуде бизнес-омбудсмен мен облыс прокуроры өңірлік Кәсіпкерлер палатасының проблемалық мәселелерін талқылап, өзара ынтымақтастық ниеттерін растады. Бұл ниет Батыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасы мен барлық деңгейдегі прокуратура органдары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум арқылы бекітілді.

Болат Палымбетов кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің БҚО бойынша секторы аппаратына прокуратура органдарымен тұрақты әрі тиімді өзара әрекеттестік жасауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Директордың құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары, кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі уәкілдің БҚО бойынша секторының меңгерушісі Нұржан Мақсотовтың айтуынша, БҚО Кәсіпкерлер палатасының аумақтық прокуратура органдарымен қарым-қатынасы өзара ынтымақтастық туралы жасалған меморандум мен «Кәсіпкерлік саладағы прокуратура қадағалауы» форумы барысында айтылған қосымша ұсыныстар аясындағы серіктестік негізінде жолға қойылған. Бұл кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың жаңа формалары мен тәсілдерін табуға мүмкіндік беруде.

Өзара қарым-қатынастың белсенді формаларының бірі Палата жанынан ашылған «Прокурор кабинеті» болып отыр. Оның алаңында, бекітілген кестеге сай, прокурорлар құқықтық бөлім қызметкерлерімен бірлесе отырып, кәсіпкерлерді қабылдайды.

Бұдан бөлек, өзара қарым-қатынастың тағы бір маңызды формасы – бірлескен жоспарлау мен бизнес субъектілерінің құқығын қорғайтын салаларға тексерістер жүргізу. Олардың нәтижелері бойынша, анықталған заңбұзушылықтарды жою жолдары мен тәсілдері жасалады.

Биылғы жылдың басында мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы заңнаманың сақталуына қатысты жүргізілген тексерістер барысында көптеген олқылықтар анықталған. Мәселен, жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексерістер жоспарларына, жоспарлы тексерістерді өткізу жиілігіне ықпал ететін тәуекелдер дәрежесіне негізсіз жатқызу, тексерістер жоспарын оған өкілеттігі жоқ тұлғалардың бекітуі секілді көптеген заң бұзу деректері орын алған.

Сондай-ақ, прокуратура органдары жанынан құрылған мобильді топтар аясында бірлескен жұмыстар жалғасуда. 2016 жыл ішінде мобильді топтарға кәсіпкерлерден мемлекеттік органдар мен ұйымдардың заңға қайшы әрекеттеріне қатысты 15 арыз-шағым келіп түскен. Оның сегізі расталып, олар бойынша тиісті шаралар қабылданған.

Қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді талап ететін мәселелер бойынша өзара ақпарат алмасу жүйелі негізде жүзеге асуда екен. Заңнама баптарын қолдану кезіндегі әкімшілік кедергілерді анықтау мен жоюға бағытталған бірлескен талдау жасалған. Бұл заң шығару органдары алдында мәселелерді көтеру кезінде бірыңғай тоқтамға келуге мүмкіндік бермек.

Сонымен бірге, Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңес отырыстары аясында прокуратура органдарымен ортақ жұмыстар жүргізілген. Онда шешім шығаруды талап ететін мәселелер талқылануда екен. 2016 жыл ішінде прокуратура органдарының қарауына 25 өтініш түсіп, олардың 17-сі оң шешім тапқан.

«Кәсіпкерлік саладағы прокуратура қадағалауы» форумының қорытындысы бойынша Кәсіпкерлер палатасы облыс прокуратурасына Форумда айтылған нұсқауларды жұмыс жоспарына енгізу үшін өз ұсыныстарын жолдаған.

«Біздің мұндағы басты мақсатымыз – бизнеске қадағалау және құқық қорғау органдарына заңсыз араласуын болдырмау, – деді облыстық прокуратурада өткен баспасөз мәслихатында облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов. – Енді прокуратура бизнеске көрсетілетін қысымды болдырмауға барын салатын болады. Сонымен қатар, прокуратура, құқық қорғау органдары мен прокуратураға шаруашылық субъектілеріне тексеріс жүргізуге мүлдем тыйым салады». 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер