«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіп таңдаудағы балаларға көмек

2017 жылғы 19 Қаңтар
- Батыс Қазақстан облысы
7144 просмотров

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының мамандары балалар үйі тәрбиеленушілеріне болашақ мамандықтарын таңдауға көмектеседі

Облыстық балалар үйі Кәсіпкерлер палатасының қамқорлығындағы мекеме болып табылады. Сол себепті, Палата қызметкерлері балалар үйі тәрбиеленушілерімен жиі жүздесіп, әңгімелесіп, сыйлықтар табыстап тұрады. Ал, қажет болған жағдайда, өздерінің ағалық кеңестерін де беріп жатады. Мұндай кездесулер, әсіресе, қыс уақытында, балалардың мемлекеттік емтихан тапсыруына аз уақыт қалып, болашақ мамандықтарын таңдау кезінде өзекті болмақ.

Бүгінде кәсіптік бағдар беру – мемлекеттік білім беру жүйесі алдында тұрған негізгі мақсаттардың бірі. Себебі, болашақ мамандықты таңдау адамның алдағы өміріне зор ықпалын тигізері баршаға аян. Мамандықты бүгінгі заман талабымен сай таңдау, жұмысшы мамандықтарға деген сұранысты арттырып қана қоймай, жалпы ел экономикасының дамуына оң әсер етпек. Сондықтан, өңірлік Кәсіпкерлер палатасы мектеп оқушыларының кәсіптік бағдарын жүйелендіруді, нарық талаптарына сай кәсіптік бағдарды бағыттауды, білікті мамандарды даярлауды мақсат етеді. Осыған орай, бұл мақсатта облыс және қаланың жалпы білім беру мектептерінде 56 кәсіптік бағыт-бағдар беру кабинеттері ашылып, облыстық Білім басқармасымен бірге форумдар мен семинарлар өткізіп келеді. Сонымен қатар, облыс және қала кәсіпорындары, еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие мамандықтар базасы құрылып, оқушылардың кәсіпорындарға экскурсияға бару ісі жүйелі түрде қолға алынуда. Ал, мектептерде кәсіптік бағдарға қатысты сынып сағаттары мен бірқатар кездесулер ұйымдастырылды.  Бұл ретте, Кәсіпкерлер палатасы айына екі рет Білім басқармасымен бірге, жалпы қалалық Кәсіптік бағдар күнін өткізеді екен. 

«Кәсіптік бағдарға қатысты жұмыстарды әсіресе, балалар үйі тәрбиеленушілері арасында жиі өткізу керек, – дейді ӨКП адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Айгүл Әбілқайырова. – Себебі, мұндай балалардың болашағына, мамандық таңдауына бағыт-бағдар беретін ата-аналары жоқ. Сол себепті, біз жыл сайын 9-сынып түлектеріне оқу орнын таңдауға кеңес беруге келіп тұрамыз. Түрлі колледждердегі мамандықтарды таныстырып қана бермей, сондай-ақ, өңірдегі жоғары сұраныстағы мамандықтарға тоқталамыз, оқушыларға қаланың оқу орындарында жасалған жағдайлар, олардың жатақханалары, онда ала алатын қосымша мамандықтар туралы айтамыз».  Осы орайда,  Айгүл Әбілқайырова түрлі оқу орындарында қол жеткізе алатын білім мен біліктілік туралы кеңінен тоқталды. «Белгілі бір мамандық иесі болғаннан кейін, сіздер тек алға қарай қадам басуларыңыз керек, – деді ол. – Мүмкін болашақта өз кәсіптеріңізді ашып қаларсыздар,  сол кезде осы білімдерің мен жинаған тәжірибелерің бәрі қажет болады».

Бұдан бөлек, маман түлектерге, өз қалауы бойынша мамандық таңдауға жол ашатын, кәсіп таңдаудың алгоритмін түсіндіріп берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер