«Кеңесші» бизнеске жолдама береді
Жеке ісін бастаған 2700 кәсіпкер «Бизнес-Кеңесші» жобасы бойынша оқыды
Ай сайын тегін оқыту курстарында бизнес жүргізудің қыр-сырын үйрену үшін ісі жолға қойылған және әлеуетті ондаған кәсіпкер жазылады, ал осы айларда тіпті көп. Сәуір айының соңында инновациялық жобаларды қолдауда грант бөлу бойынша комиссия жұмысы басталады. «2017 жылы мемлекеттік-инновациялық грантқа 47 миллион теңге бөлінген», – деп хабарлады Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік бөлімшесі алаңында облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов.
«Былтырғы жылы осындай гранттарды 15 кәсіпкер алған, жалпы сомасы 18 миллион теңге болды. Қайтарымсыз гранттың қаржыландыру бағдарламасы жас және өз ісін енді бастаған кәсіпкерлер арасында кеңінен мәлім. Соңғы 4 жылда грантты облыс бойынша 60 кәсіпкер 130 млн теңге ұтты. Олардың ішінде 34 грант ауылдарға берілді», – деп толықтырды әкімнің орынбасары.
Сонымен қатар Игорь Стексов грант ұтып алу үшін дайындалып, бизнес негіздері бойынша оқудан өтіп, жобаның мақсаттылығы мен қажеттілігін дәлелдеу керек екенін айтты.
Семинар барысында тыңдаушылар бизнес-идеяны дұрыс таңдауды, оны қорғауды, бизнес-жоспарлауды тиімді меңгеруді үйренді. Бизнес-тренерлер Зульфия Халилова мен Нұрлан Әбдірахманов бизнес-жоспарды қалай жасау керектігін, ақпараттық ресурстарды дұрыс қолдануды, салық тәртібін анықтауды оқытып, бизнесті мемлекеттік қолдау құралдарымен, меркетинг пен қызметкерлерді басқару негіздерімен таныстырды. Сонымен қатар, сенімділік пен ынтыландыруды дамытуға көп көңіл бөлді.
«Біз тыңдаушыларды бизнесте ынталылық пен сенімділік сәттіліктің негізі екеніне сендіруге тырыстық. Үздік бизнес идеялардың болмашы қиындықтар, кедергілер мен сәтсіздіктердің кесірінен жүзеге асырылмайтыны туралы мысалдар келтірдік», – дейді Зульфия Халилова.
Курсты аяқтаған тыңдаушылар сертификат алғаннан кейін алғыстарын жаудырды. «Көп нәрсені үйрендік», «Бизнес-идеяларды қорғаудың жаңа тәсілдерін үйрендік», «Оралда бастамашыл, шығармашылық жауапкершілігі жоғары жастардың көп екендігі қуантты», «Курс сенімділік ұялатты», «Жаңа дос пен таныс таптық» деген сыңайдағы пікірлер толассыз.
«Бизнес-Кеңесші» жұмысы жалғасып жатыр және қатарына жаңа тыңдаушыларды алады.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: