«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Батыс Қазақстан облысының әкімі кәсіпкерлерді Өңірлік палатада апта сайын қабылдайтын болады

2017 жылғы 28 Наурыз
- Батыс Қазақстан облысы
8137 просмотров

Алтай Көлгіновтің айтуынша, облыс басшылығы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға басымдық танытып отыр

Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен кәсіпкерлермен кездесу кезінде айтты. Бұл ретте акгроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық тартымдылығы талқыланды.

«Біз ауыл шаруашылығына инвестиция құятындарға барынша қолдау білдіреміз. Жағдай жасап, кедергілерді алып, мемлекеттік қолдау көрсетеміз. Ауыл бизнесіне бір қадам жасағандарға, біз екі қадам жасаймыз. Мемлекет басшысы Жолдауда дәл агро-өнеркәсіптік секторды экономиканың драйвері деп атап өтті емес пе?! Аграрлық секторға инвестиция өте қажет және біз осы сектордың инвестициялық тартымдылығы үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз», – деді Алтай Көлгінов.

Мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын, өңірге танымал кәсіпкер, «Жайық ет» ЖШС директоры Темірғали Ескендіров агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тартудың пайдасына бірнеше ділелдер келтірді. Әсіресе, мал шаруашылығын дамытуды атады, соңғы үш жылда мал басы үздіксіз өсіп келеді. «Алдымен, 2005 жылмен салыстырғанда мал басы екі есе өсті, ал жылқы басы шамамен үш есеге дейін артты. Мұнымен қоса, мал бордақылайтын орынның жетіспеушілігінен шаруа қожалықтары жас малды сатуға мәжбүр. Көршілес облыстарда бордақылап, өңдеп, дайын өнімді сатады. Екіншіден, мемлекеттің үздіксіз қолдауы. Соңғы үш жылда Батыс Қазақстан облысында 46 млрд теңгеге несие берілді. Оның ішінде небары 14 млрд теңге мал шаруашылығына бөлінген. Қолдау бағдарламасы 2021 жылға дейін. Үшіншіден, жаңа нарық ашылып келеді. Батыс Қазақстан облысымен көршілес облыстар мен Ресей Федерациясынан басқа, Қытай, Иран, Араб әмірліктері бізде дайындалған етті сатып алуға дайын. Төртіншіден, бизнесті әртараптандыру жүріп жатыр. Бізге осыны ауыл шаруашылығына қарай бұру керек», ­– деп атап өтті компания директоры.   

Көпшілік қызығушылығы ерекше болды, оның ішінде, «ПСП «Серік» ЖШС бас директоры Серік Мерғалиев егер жақсы ұсыныстар болып жатса, бас тартпайтындығын айтты. Көптеген ірі бизнес иелері ауыл шаруашылығын дамытуға арналған жобаларды жүзеге асыруға қатысып отыр. Олардың ішінде Мұрат Жәкібаев, Михаил Пшеничный және т.б. бар.

Кездесуді аяқтай келе, Алтай Көлгінов облыс басшылығы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға басымдық танытып отырғанына назар аударды. «Әкімдік Кәсіпкерлер палатасымен және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесіп, ауылдық бизнесті несиелеуге дайын. Инвесторлармен кез келген форматта кездесуге дайынмын. Аптасына бір рет, яғни сәрсенбі күні Палата алаңында бизнесін ашқысы келетін, дамытуға ниетті, әртараптандыруды қалайтын жандармен кездесетін боламын», ­– деп атап өтті облыс әкімі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер