«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Оралдың үздіктеріне жолдама берілді

2017 жылғы 26 Маусым
- Батыс Қазақстан облысы
7616 просмотров

«Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауында Орал сауда-өнеркәсіптік компаниясы, «Нұржанар» АҚ мен «Конденсат» АҚ тауарлары үздіктер қатарында

Бұл үш компания «Өндірістік мақсататты үздік тауар», «Халыққа арналған үздік тауар» және «Үздік азық-түлік тауары» аталымдарының бірінші дәрежелі марапатына ие болды. Алайда, бұл компаниялардың басшылары ғана диплом алған жоқ. Әр аталым бойынша үш үздікті анықтап, облыстағы 9 үздік компания Астанаға жолдама алды. Шілде айының 28-30 күндері өтетін республикалық байқауда Оралдың абыройын асқақтатпақ.

Ал өңірлік көрме-байқауы жеңімпаздарының сыйлығын өңір басшысы Игорь Стеков табыстады.

«Біз үшін бұл іс-шараның маңызы жоғары, ол өңірдегі бизнестің, біздің кәсіпорындардың әлеуетін нақты көрсетеді. Бүгін 40 шақты компания қатысып отыр, яғни тауар шығарушылар, өндірістік және азық-түлік мақсаттағы, халық тұтынатын тауарларды шығарып отыр. Әрине, байқау үздіктерді анықтау үшін жасалып отыр. Біздің компаниялардың әрқайсысы үздікке лайық, себебі бүгін облыстың көшбасшылары жиналған. Сондай-ақ, бұған дейін біздің өңіріміздің «Кублей,» Агропродукт LTD» компаниялары Елбасы сыйлығын алса, «Стеклосервис», «Желаевский комбинат хлебопродуктов», «Гидромаш-Орион-МЖБК» республикалық деңгейде марапатқа ие болған. Бүгінгі үздіктер де республикалық деңгейде де жеңімпаз болуға әбден лайықты деп ойлаймын», – деді Игорь Стеков.

Сонымен қатар өңір басшысы «Алтын сапа» мен «Қазақстанның үздік тауары» сыйлықтары кәсіпорындардың дамуына, жаңа деңгейге көтерілуіне, ішкі нарықта ғана емес, шет елдеде бәсекелес болуға ықпал ететінін атап өтті.

Биыл өңірлік байқау өзгеше форматта өтті. Отандық тауар өндірушілердің өнімдері әдеттегідей Қазақ драма театрына қойылған жоқ. Ашық аспан астына, қаланың алаңына шығарылды. Байқау қорытындысында марапат иелерінің қатарында екінші дәрежелі дипломын алған «Орал трансформатор зауыты» бар.

«Біз байқауға жыл сайын қатысуға тырысамыз, өзіміздің жетістігімізді көрсеткіміз келеді. Өткен жылмен салыстырғанда өндіріс 6 есеге артты, ал сату 4 есеге өсті. Осылайша жалпы көрсеткішіміз қуантарлықтай. Осы жылы 7 мың трансформатор шығару жоспарланған. Бүгін мақтануымызға болады, біз Армениямен келісімшарт жасадық. Үшінші тоқсанда сол елдің нарығына алғашқы партияны жөнелтеміз. Нарықты кеңейту жоспарымызда бар, өз өнімімізді Ресей, Армения, Грузия, Әзірбайжан елдеріне жеткізу қарастырылып жатыр», – деді компанияның сату жөніндегі директоры Әмір Ғалимов.

Ал байқауға алғаш рет қатысқан компаниялардың қатарында «Горбунов» жеке кәсіпкерлігі де бар.

«Біз алкогольсіз сусын шығарамыз. Дария суы өзінің дәмділігімен, сапалылығымен ерекшеленеді. Оралдағы экологиялық таза аймақтан алынады. Сонымен қатар зауыттан квас пен лимонад та шығарылады. Өнеркәсіптік өндірістік қуаты 1 ауысымда 5-6 мың литр шығаруға мүмкіндік береді. Тауарларымыз облыстағы дүкендерге қойылған. Енді өз желімізді кеңейткіміз келеді. Сондықтан осы байқауға қатысуға ниет білдірдік. Бизнесті дамытуға сеп болатын барлық мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысып келеміз. Айталық, «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы арқылы жеңілдікпен несие алдық. Банк мөлшерлемесінің жартысы мемлекет тарапынан субсидия ретінде қайтарылады, бұл бизнес үшін үлкен қолдау», – дейді Игорь Горбунов.

Сонымен қатар дебютанттар қатарында KazStepService компанисы бар. Алғашқы қатысудан-ақ сапасын танытқан компания, «Халыққа арналған үздік тауар» аталымыннан жүлделі орын алды.

«Біз өткен жылдың аяғында ашылдық. Осы жылдың басында арнайы жабдық сатып алып, суйық сабын шығаруды бастадық. Алғашқы өнім косметикалық: иіс сабын, ыдыс жуатын құрал, кір сабын. Біз ең алдымен өнімді аз мөлшерде шығара бастадық. Бүгінде өндірістік қуат айына 1000 тоннаға жетті. Бұл Ақтөбе, Атырау, Орал облыстарын қамтуға мүмкіндік береді. Біз «Дина», «Бәйтерек», «Алтындар» секілді ірі сауда желілерімен, супермаркеттерімен келісімшарт жасадық. Бүгінде «Лидер» супермаркеттер желісімен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Екі апта бұрын бизнесті кеңейту үшін субсидия алуға «Даму» қорымен келіссөздер жүргізілді. Себебі біз дезинфекциялайтын шығаруға ниеттіміз. Ол үшін басқа жабдық алып, мүлдем басқа технологияны қолға алу керек. Байқауға қатысқанымызға қуаныштымыз. Үздіктер қатарынан көрінуге жауапкершілік жүктейді», – деді кәсіпорын директоры Шолпан Өтербаева.

Астанада 28-30 маусым күндері өтетін «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында Батыс Қазақстан облысының атынан «Азот зауыты» ЖШС, «Zhulduz» ЖШС, «KazStepService» ЖШС, Орал құс фабрикасы», «Фирма Родник» ЖШС қатысады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер