«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Алматыда Ashyq карантин талабын бұзған 6 мыңнан аса адамды анықтады

2021 жылғы 02 Қыркүйек
- Алматы қаласы
14000 просмотров

2021 жылғы 9 сәуір мен 17 тамыз аралығында Ashyq қосымшасымен келушілерді сканерлеу нәтижесінде оңтүстік астанада  «қызыл» статуспен 5 515 тұрғын, «сары» статуспен 735 адам анықталды.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Алматы қаласы қәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов жобаның тиімділігі туралы айтты.

Алматы қаласы бойынша 2 тамызда барлығы 6 419 қатысушы болса, бүгін 9 611 қатысушы және 11 891 ерікті бар.  Қазақстан ауқымында  «қызыл» статуспен 56 893 және «сары»  статуспен 20 774 келуші анықталды. Бұл Ashyq жобасы қатысушыларын кеңінен қамту есебінен вирус жұқтырған әрі өзін-өзі оқшаулау режимін бұзған азаматтарды анықтау 15 есе өскенін көрсетеді.

ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2021 жылғы 29 тамызындағы №37 қаулысында «Ashyq» лидерлері статусын берудің жаңа критерийлері белгіленді. Жаңашылдықтың  бірі – қоғамдық тамақтану орындары, сауда ойын-сауық орталықтары және азық-түлік емес сауда желілерінде келушілерді міндетті тіркеу саны енді үй-жайдың жалпы ауданына сәйкес бөлінеді. Мысалы, 100 шаршы метрге дейінгі залы бар қоғамдық тамақтану нысаны үшін 2 аптаның ішінде келушілерді сканерлеу саны – 300 бірлікті құрайды.

Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 281 нысан жоба лидерлері атанған. Сондай-ақ, маусымның басынан бастап Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің екі апталық мәліметтеріне сәйкес Алматы қаласы бойынша аутсайдерлер саны (0 чекин кімде бар нысандар) – 997 нысанға жетті.

Ashyq жобасын ұйымдастыру және пайдалануға қойылатын талаптарды бұзу фактілері бойынша жобаға қатысушыларға және карантин шараларын бұзуға жол берген азаматтарға қатысты әкімшілік жауапқа терту шаралары қабылданатынын еске саламыз. Айта кетейік, Алматы қаласы бойынша «қызыл» статусы бар 870 жеке тұлғаға өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны үшін 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.

«Вакциналау бойынша тексерулер алгоритмі бекіту сатысында. Бизнес өкілдері және мүдделі мемлекеттік органдармен бірқатар талқылау жүргізілді. Вакцина салдырмаған қызметкерлерді алғашқы анықтау кезінде кәсіпкерге санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізуге қаулы беріледі деп жоспарланып отыр», – деп палата басшысы бизнесті вакциналау бойынша тексеруге қатысты мәліметпен бөлісті.

Қалалық палата директоры шектеу шараларын енгізумен қатар, пандемия салдарынан зардап шеккен салалардың жағдайын бағалау, туындаған мәсілелерді анықтаудың маңызын атап өтті.

«Бұл тұрғыда «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлер арасында кең ауқымды сауалнама жүргізіп жатыр. Сауалнама нәтижелері бизнес-қауымдастықтың жағдайын бағалау үшін ҚР Үкіметіне жіберіледі», – деді сөз соңында Айтуар Қошмамбетов.

Бизнес субъектілері сауалнаманы қазақ тілінде  мына сілтеме арқылы толтыра алады: https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLSfE2coxObOv8MVa-pWsxR9aeTxJNBDUzmNoaP-bzkfK9iat_g/viewform?usp=sf_link , орыс тілінде: https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLSdele9AqxyHypC_73gvm01S3hZAm7L8Lvlb3WAjBfke7M5dbA/viewform?usp=sf_link


Еншілес ұйымдар

Серіктестер