«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Заңнама нормаларына нақтылық қажет

2022 жылғы 25 Тамыз
- Батыс Қазақстан облысы
6688 просмотров

БҚО кәсіпкерлер палатасының құқықтық блогы қызметкерлері құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің аумақтық басқармасының өкілдерімен кездесті. Жиынға мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдардың бизнес субъектілерінен келіп түскен өтініштерімен жұмыс істеу жағдайы талқыланды. Кездесуге қатысушылар бақылау-қадағалау функциялары берілген органдардың қызметіндегі заңнаманы жаңарту жөніндегі бастамаларға қатысты ұсыныстармен бөлісті.

Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жұмағұлов 2022 жылдың 7 айы ішінде кәсіпкерлерден мемлекеттік органдарға келіп түскен шағымдар мен өтініштердің статистикасын айта келе, өтініштердің басым бөлігі Ішкі мемлекеттік аудит департаменті (ІМАД), Мемлекеттік кірістер департаменті (МКД), жергілікті атқарушы органдардың қызметіне тиесілі екенін атап өтті. Егер өтініштердің мазмұнына жүгінетін болсақ, онда жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу, кәсіпкерлік қызметке байланысты жалпы мәселелер бизнес субъектілері үшін ең өзекті болып отыр. Кәсіпкерлердің мемлекеттік органдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) наразылығы әкімшілік органдарға шағым беруге жиі негіз болады.

Кәсіпкерлердің өтініштерін қанағаттандыру жағдайы бойынша пайыздық арақатынаста көрініс мынадай: ІМАД-ға келіп түскен 661 өтініштің 37%-ы қанағаттандырылды; МКД-ға түскен 52 өтініштен 23%-ы қанағаттандырылды. ЖАО-ға 7 ай ішінде 30 шағым мен өтініш келіп түссе, оның 23%-ы шешімін тапқан.

Қазіргі кезде Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басқармасы халық тарапынан наразылық тудырған себептерді зерттеу мақсатында мемлекеттік органдардың жұмысына шағымдардың көбею үрдісі байқалған аудандарға шығып жатыр.


Кездесуде тараптар тексеру жүргізу барысында мемлекеттік органдардың бұзушылықтарға жол беруіне негіз болатын алғышарттарды талқылап, заңнамаға осы жағдайларды жою бөлігінде өзгерістер енгізу бойынша бірқатар ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, ҚСжАЕК ішкі мемлекеттік аудит комитетінің және Мемлекеттік кірістер комитетінің аумақтық департаменттері жүргізетін тексерулерді ұзарту үшін негіздерді реттеуге бастамашылық ету қажет деп санайды.

Түзетулер енгізудің себебі мемлекеттік кірістер органдарының қызметшісі жүргізілген тексеру мерзімін дәлелді негіздемесіз ұзартқан факт болды. Бұзушылық пайдакүнемдік мақсатта жасалған, бірақ егер тексеру мерзімдерін ұзарту үшін негіздемелер тізбесін көздей отырып, тиісті заңнамаға нақтылық енгізілсе, мұндай фактілердің алдын алуға болады.

Рейдтік іс-шараларды өткізу үшін негіздерді көздейтін норма да нақтылауды қажет етеді, өйткені әрбір әкімшілік орган бұл норманы өзінше түсіндіреді. Заңнамаға енгізілген түзетулерді талқылай отырып, жұмыс кездесуіне қатысушылар тексерулерді тоқтата тұру, тоқтату үшін негіздерді реттеу қажеттілігі мәселесін де көтерді. Заң шығару мәселелері бойынша одан әрі талқылау уәкілетті органдардың қатысуымен өтеді, содан кейін бастама тиісті ведомстволар, «Атамекен» ҰКП-ға жеткізіледі.

Алдағы уақытта мемлекеттік органдармен мұндай кездесулер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бизнесті қорғау экожүйесін қалыптастыру және бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау жөніндегі жобасын тиімді іске асыру мақсатында ұйымдастырылатын болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер