«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қытай инвесторлары Алматының кәсіпкерлерімен ынтымақтасуға ниетті

2024 жылғы 13 Тамыз
- Алматы қаласы
3986 просмотров

Дереккөз: Алматы қаласының «Атамекен» ӨКП

Аспан асты бизнесмендері бірлескен бизнес құру үшін гидроэнергетика, автомобиль, логистика және басқа да бірқатар салалардағы бірнеше жобаларды ұсынды.

Алматы қаласының «Атамекен» ӨКП және «Чжунъя Хулянь» Шыңжаң бизнес-инкубаторы екі елдің кәсіпкерлерін байланыстыратын өзіндік көпірі іспеттес болды. Екі елдің кәсіпкерлерінің біріктіріп, диалог алаңын құрды. Әңгіме барысында екі тарап жаңа өндіріс құруға қызығушылық білдірді.

«Ел ЖІӨ-нің 20 пайызын Алматы бизнесі қалыптастырады. Еліміздің салық аударымдарының ең үлкен көлемі - Алматы бизнес-құрылымдары қамтамасыз етеді. Шағын және орта кәсіпкерлікті белсенді дамыту сегментінде Алматы Қазақстан қалалары арасында халықаралық бизнесте де көшбасшы болып табылады. Алматы қаласының «Атамекен» ӨКП құқықтарды қорғауды, соттарда өкілдік етуді, қажет болған жағдайда салалық кеңестердің қатысуын және т.б. қамтамасыз ете отырып, оның дамуына барынша ықпал етеді. Бизнестің басым субъектілері кәсібін әлі де сауда, қаржы, көлік салаларында өрге домалатқанымен, соңғы кездері ІТ, креативті индустрия, туризм, өңдеу өнеркәсібі сияқты бағыттар басымдыққа ие болып отыр», - деп қаржы құюға қызығушылық тудыратын секторларды Алматы қаласы бойынша «Атамекен» ӨКП директорының орынбасары Жанна Мурзақұлова сипаттап берді.

Әлеуетті инвесторлармен кездесуге палата мен бизнес-инкубатордың өкілдері жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту мүмкіндіктерін іздеп жүрген жергілікті кәсіпкерлерді арнайы шақырды. Танысу сұхбаты барысында «Green Dem» ЖШС «жасыл» энергетиканы дамытудағы ынтымақтастықты ұсынды.

«Біз 10 жылдан бері жаңаратын көздерден энергия өндіру саласында жұмыс істеп келеміз. Ал бизнестің бұл түрі қазір көптеген елдер үшін өзекті. Осы уақыт ішінде біз Қазақстанға Қытайдан күн батареяларын орнатуға арналған тіректерді әкелеміз. Бірақ ел арасындағы тасымалдау көп уақытты алады. Күн энергетикасын дамыту перспективаларын ескере отырып, біз Қазақстанда күн энергетикасында пайдаланылатын металл конструкцияларын шығаратын өз зауытымызды салғымыз келеді және литий батареяларын өндіруді жолға қойғымыз келеді. Қазір бізде «гаражды» шағын өндіріс бар. Бұл өндірісті өнеркәсіптік деңгейге көтеру үшін бізге инвестиция қажет. Литий батареялары қазір нарықта сұранысқа ие және біз инвесторларды жақсы сатумен қамтамасыз ете аламыз. Менің кәсіпорным үшін бұл кездесу өте пайдалы болды. Бірлескен жұмыс болашақта жақсы нәтиже береді деп сенемін», - дейді кәсіпкер Мұрат Демеуов.

«Осы жолғы кездесуге Қытайдың Нанкин қаласынан  Хохай университетін бітірген кәсіпкерлер келді. Қазір олардың бәрі әр қалада қаржы, құрылыс, су істері, энергетика, электр техникасы саласында үлкен-үлкен кәсіп жүргізуде. Олар осы Қазақстанда  бизнес құру мүмкіндіктерін байқау үшін сапарға келді. Сондықтан, осы «Атамекен» палатасымен бірге отырып, осыларды талқылау және қандай бизнес орайлары бар, соларды байқау мақсатымен келіп отыр. Қазір Қытайда, өз елі ішінде көп даму орайлары азайып кетті, сондықтан олардың көбісі шетелге барып, инвестиция салып ары қарай дамытқысы келеді. Көптеген кәсіпорындардың мақсаты Қазақстанға тек зат алып келіп экспорт-импорт саласында ғана жұмыс атқару емес, Қазақстанның жерінде тұрып, кәсіпорын ашу мақсаты бар. Завод ашу, склад ашу, осы жағынан көбірек қызығушылық білдіреді, сондықтан шет ел компаниясы Қазақстанға келіп, жерін қалай пайдаланады, қалай арендаға алады, қалай сатып алатыны қызықтыруда», - деп түсіндірді «Джун Я Ху Лен» компаниясының Алматыдағы офисінің өкілі Жалынбек Шотқара.

Кездесуге қатысушылар өз кезегінде қазақстандықтарды Қытайдағы кәсіпорындарына баруға шақырды. Бұл ынтымақтастық салаларын әлдеқайда кеңейтуі мүмкін.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер